Балаға жақсы тәрбие бере алу үшін ата-ана және басқа отбасы мүшелерінің бүкіл тәрбиелік қағидаларды орындауымен қатар, отбасы өмірінің жүйелі, ата-ана ара-қатынасы жақсы болуы шарт. Үйде ұрыс-керіс болуы балаға кері әсер етеді. Әсіресе ажырасудай баланың көңіліне қаяу салатын нәрсе жоқтың қасы. Балалар ата-анасын идеал, мінсіз адам ретінде көретінін ұмытпау керек. Солар сияқты болуға, солар сияқты әрекет етуге тырысады. Үлкендердің дағдыларын, әрекеттерін тез қағып алады. Сондықтан бала дүниеге келгеннен бастап ата-ана барлық жағынан жақсы болуға, үлгілі болуға мәжбүр. Сондай-ақ ата-аналар ешбір баласын бөліп жармай, барлығына бірдей қарауы, бірдей мәміле етуі қажет. Әрбір ата-ана баласының жақсы жетілуін, жақсы мінезді, тәрбиелі, еңбекқор, табысты болуын қалайды. Мұның шешімі жоғарыда айтқанымыздай, балаңыз қандай болуын қаласаңыз, өзіңіз сондай болыңыз. Өйткені бала айтқанымызды емес, бізден көргенін істейді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің.» «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүрер» деген мақал-мәтелдер де осыны көрсетеді. Ата-ана баласынан жағымсыз әрекет көргендерінде оған ашуланудан бұрын «Қайсымыз осылай істедік» деп өздерінен сұрауы керек. Біраз ойланса міндетті түрде табады. Өзіміз кітап оқымайтын бола тұра «Компьютер басында отыра бермей кітап оқысаңшы» деп айту қаншалықты мәнсіз болса, балада болымсыз әрекет көргенде «сен кінәлісің» деп бір-бірін айыптау да соншалықты мәнсіз. Өткен өтті, болар іс болды, енді бұдан былай не істеуміз керек дейтіндер үшін оның да жолы бар. Мінез-құлық, іс-әрекеттер өзгеруі мүмкін. Сіз өзіңізді дұрыс жағынан өзгертсеңіз, бала да дұрыс жағына өзгереді. Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді, яғни жақсы жағына қарай жүреді. Үйде үнемі ұрыс-керіс жағдайында болсаңыз, балаларыңыздың бір-біріне сүйіспеншілікпен мәміле етуін күтуіңіз бос қиял болмақ. Ата-анасынан жәбір көрген бала алдымен бауырларын, кейін сырттағы әлі жететіндерді жәбірлей бастайды. Сондай-ақ үйде бір-біріңе рахмет айтпайтын, ілтипат көрсетпейтін болсаңыз, сыртта «Балам көкеге рахмет айтпайсың ба» деген өнегеңіз ауада қалады. Әйелін жәбірлейтін а достарына, бауырларына, ілгеріде жұбайына жәбір көрсетуі мүмкін. Бір-біріне өтірік айтатын жұбайлар ілгеріде балаларының да өтірік айтатынына куә болады, тіпті мұғалімінен де бұл жөнінде шағым естиді. Егер ата-анаңыз аман болып, ал сіз жұмыстарыңызды сылтау етіп оларға қарау былай тұрсын, іздеп, телефон шалып хал-жағдайын сұрамайтын болсаңыз, балаларыңыз да сізден көргенін істейді. Олар да үлкейгенде сізді іздемейтін, хал-жағдайыңызды сұрамайтын болады. Басқалармен қарым-қатынаста қандай болсаңыз, мәселен жүзіне күліп, арқасынан жамандайтын адамдар қатарынан болсаңыз, балаңыз да мұны дұрыс деп санап, осылай мәміле ете бастайды. Кейбір ата-аналар өз зауқымен әлек боп, өз рахатын ойлап, баласын назардан тыс қалдыратыны ащы да болса шындық. Мұның өзі де баланың ішкі дүниесін ойран ететін, ілгеріде қандай келеңсіздіктерге себеп болатыны белгісіз дүние. Қорыта айтқанда өзіміз үлгілі болайық, өзімізді мәжбүрлеп болса да жақсы мінезді болуға, жақсы істер істеуге әдеттендірейік. Үйде өзара құрмет, махаббат ішінде, адалдықты, көркем мінез-құлықты сіңіріп өскен бала ілгеріде елге пайдалы азамат болатыны, қоғамнан ойып орын алары сөзсіз.
Поделитесь своими знаниями, ответьте на вопрос:
Менің жасым 101 болса, одна мен қай жылы тудым?