Табиғаттың әрбір маусымы ерекше болатыны сөзсіз. Әр маусымға тән сейіл-серуені де болады. Жазда адамдар суға шомылып, күнге қыздырынса, қыста шаналарын арқалап, биік жоталарға, таулы қыраттарға бет түзейді. Дала төсінде қолдан сырғанақ жасайтын қызықты сәттер де – өз алдына бір әңгіме.Күн сәулесі Жер-анаға шуағын төгіп, барша адамдарды өзінің жылы нұрына бөлеп, қысқы суықтың бетін қайтаруға бел шеше кіріскендей. Қыс мезгілінің аязды күндерімен де қоса, ерекше бір жылылық сыйлайтын күндері аз емес. Әрбір төрт мезгілдің өн бойында бірімен-бірі астасып, қабаттасып жатқан ортақ күн райы бар. Қаңтар айы жаңажылдық көңіл күйді одан арі көтере түсіп, өзінің жылы күндерін аямай-ақ сыйлап жатыр.Аспанмен таласқан Алатаудың асқақ шыңдары айналаға сабырлы көзбен барлай қарайды. Өзі биік тұғырда болғанымен, төмендегі тіршілік атаулыға көз тастап, қысқы ғажайыптарды бір өзінің бойына жия түскендей.